Михаил Шайдоров ISU Figure Skating Awards сыйлығына үміткер атанды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2025/26 жылғы маусым қорытындысы бойынша Халықаралық конькишілер одағының (ISU) Figure Skating Awards сыйлығына үміткерлер қатарына енді.
Отандасымыз «Ең үздік костюм» аталымы бойынша ұсынылды. Бұл номинация сахналық бейнесі, креативтілігі, стилі және көркемдік шешімімен ерекшеленген мәнерлеп сырғанаушыларға беріледі.
Михаил Шайдоров аталған тізімге еркін бағдарламада пайдаланған костюмі үшін енгізілді. Жалпы бұл аталым бойынша жекелей және жұптық сайыстардан 16 спортшы үміткер ретінде ұсынылған. Олардың қатарында америкалық Илья Малинин, эстониялық Александр Селевко, жапониялық Каори Сакамото, француз Адам Сяо Хим Фа, америкалық жұп Мэдисон Чок / Эван Бейтс, оңтүстіккореялық Ли Хэ Ин және грузиялық Анастасия Губанова бар.
Маусым қорытындысы бойынша бұдан бөлек «Ең үздік бапкер», «Ең үздік хореограф» және «Ең әсерлі бағдарлама» аталымдарының жеңімпаздары да анықталады.
Жанкүйерлер арасында дауыс беру ISU-дың ресми сайтында өтіп жатыр. Қолданушылар 18 наурызға дейін өз таңдауларын жасай алады. Осыдан кейін әр аталым бойынша үш финалист анықталып, соңғы жеңімпаздарды осы спорт түрінің сарапшыларынан құралған қазылар алқасы белгілейді.
Сыйлықтарды табыстау рәсімі 29 наурызда Чехияның Прага қаласында, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты аяқталған соң өтеді.
Айта кетейік, Шайдоровтың еркін бағдарламадағы костюмі қазақстандық дизайнерлердің қатысуымен әзірленген. Қанық көк түсті бұл костюм «Бесінші элемент» фильмінің атмосферасынан шабыт алған. Дизайны жұлдыздарды еске түсіретін шыны әшекейлер мен тастармен безендірілген. Өз өнерінен кейін спортшы бұл костюмді Олимпиада мұражайына тапсырды.
Еске салайық, Михаил Шайдоров 2026 жылы Милан–Кортинада өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы спорт түрлерінен шыққан екінші Олимпиада чемпионы атанды.



