ТЕННИСТРЕНДТЕ

Юлия Путинцева Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастады

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан беделді халықаралық турнирді жеңіспен бастады.

Әлемдік рейтингте 76-орында тұрған қазақстандық спортшы алғашқы айналымда испаниялық Паула Бадосамен кездесті. Испаниялық теннисші бұған дейін әлем рейтингінде екінші орынға дейін көтерілген, ал қазір 106-сатыда тұр.

Бұған дейін қарсыластар бес рет кездесіп, соның төртеуінде Бадоса жеңіске жеткен болатын. Сонымен қатар ол 2021 жылы Индиан-Уэллс турнирінің чемпионы атанған еді.

Бұл жолы бірінші партияда Путинцева 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға шығып, кездесуді 6:2 нәтижесімен аяқтады.

Матч барысында Паула Бадоса жиі қателесіп, доп бергенде он рет қосарлы қателік жіберді. Бір сағат 24 минутқа созылған кездесуде Путинцева эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды. Ал Бадоса 4 эйс жасап, 2 брейкпен көзге түсті.

Юлия Путинцева келесі айналымда әлемнің 17-ракеткасы, даниялық Клара Таусонмен кездеседі.

Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық теннисші бұл турнирде екінші айналымнан аса алмаған еді. 15 наурызда аяқталатын жарыстың жалпы жүлде қоры 9,4 миллион АҚШ долларынан асады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button