ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ
Қазақстандық жасөспірімдер әлем чемпионатында алтынға қол жеткізді

Германияның Инцелль қаласында өтіп жатқан конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы жеңімпаз атанды.
Отандастарымыз командалық спринтте 1:28.77 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып жетіп, алтын медаль иеленді. Құрама сапында Кристина Шумекова, Анастасия Беловодова және Варвара Глухова өнер көрсетті.
Күміс жүлде Польша құрамасына (1:28.94) бұйырса, Канада спортшылары 1:29.25 нәтижемен қола медаль еншіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Кристина Шумекова 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында чемпион атанып, 3000 метрде күміс жүлде жеңіп алған болатын. Сондай-ақ ол кіші көпсайыс қорытындысында да алтын медальға ие болды.



