БОКСТРЕНДТЕ

«Странджа» турнирі: Қазақстанның алты боксшысы келесі кезеңге өтті

Болгарияның София қаласында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық «Странджа» турнирінің үшінші жарыс күні аяқталды.

Бұл күні шаршы алаңға Қазақстан құрамасынан жеті боксшы шықты. Соның алтауы келесі кезеңге жолдама алып, жарысты жалғастыратын болды.

Кешкі сессияда Лаура Есенкелді АҚШ өкілі Мэри-Энджелис Росендоны 5:0 есебімен сенімді жеңді.

Бұған дейін жоспарланған екі жекпе-жек өтпеді. 65 келіде өнер көрсететін Аружан Жаңабаева жарақатына байланысты өзбекстандық Навбахор Хамидовамен кездесуден бас тартты. Ал аса ауыр салмақта Даниал Сапарбай айқасқа шықпағандықтан, Нұрлан Сапарбай автоматты түрде ширек финалға өтті.

Күндізгі сессияда да қазақстандық боксшылар сәтті өнер көрсетті. 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек отандасы Айдана Забынбекованы жеңсе, Азия чемпионы Римма Волосенко (60 келі) америкалық Алиша Крокетті 5:0 есебімен ұтты. Сондай-ақ Виктория Графеева (60 келі) түркиялық Гизем Озерден 4:1 есебімен басым түсті.

Ал Жазира Орақбаева 1/8 финалда 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Феруза Казаковадан 0:5 есебімен жеңіліп, турнирмен қоштасты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button