Астанада Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты салтанатты түрде қарсы алды

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров елге оралды.
Елорда әуежайында спортшыны жанкүйерлер мен спорт қауымдастығы өкілдері ерекше құрметпен қарсы алды. Салтанатты шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы қатысты.
Шара барысында чемпионға жылы лебіздер айтылып, оның ел спортына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
«Түннің бір уағына қарамастан осында келіп, мені күтіп алған жандарға алғысым шексіз. Олимпиадада елім үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Әсіресе көк туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалған сәтте ерекше толқыдым. Қолдау көрсеткен барша жанға шын жүректен рахмет», – деді Михаил Шайдоров.
Кездесу барысында Софья Самоделкинаның жетістігі де назардан тыс қалмады. Ол Олимпиадада 10-орын алып, Қазақстан әйелдер мәнерлеп сырғанауы тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді.
Салтанатты рәсімде Михаил Шайдоровқа, оның жеке бапкері Алексей Урмановқа, Софья Самоделкинаға және ұлттық құраманың бас бапкері Әсем Қасановаға пәтер кілттері табысталды.
Айта кетейік, Шайдоровтың алтын медалі – Милан-Кортина Олимпиадасында Қазақстан құрамасы еншілеген жалғыз жүлде болды. Ол шаңғышы Владимир Смирновтан кейін Олимпиада чемпионы атанған екінші қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді.



