Алты алтын, 13 медаль: қазақстандық конькишілер Әлем кубогы кезеңінде жарқын өнер көрсетті

Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының кезеңі өз мәресіне жетті. Аталған додада Қазақстан құрамасы жалпы саны 13 медаль (6 алтын) жеңіп алып, табысты нәтиже көрсетті.
Команда сапында Кристина Шумекова ерекше көзге түсіп, 1000 және 3000 метр қашықтықтарда қарсыластарынан озып шықты.
Нео-сеньорлар арасындағы 1000 метрде жүлделердің барлығы қазақстандық спортшыларға бұйырды: Инесса Шумекова бірінші орын алса, Дарья Важенина екінші болды, ал Алина Дауранова үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен қатар, нео-сеньорлар санатындағы әйелдер командалық спринтінде Қазақстан құрамасы алтын жүлдеге ие болды. Андрей Семёнов 1000 метрде күміс медаль жеңіп алды. Ал жасөспірімдер құрамасы әйелдер командалық спринтінде екінші орынға тұрақтады. Ерлер арасындағы командалық спринтте (нео-сеньорлар) қазақстандықтар қола жүлдегер атанды.
Жекелей бәсекелерде де отандастарымыз табысты өнер көрсетті. Нео-сеньорлар арасындағы 500 метрде Алина Дауранова чемпион атанып, дәл осы қашықтықта Инесса Шумекова күміс медаль алды.
1500 метрде жасөспірімдер арасында Анастасия Беловодова қола жүлде иеленсе, нео-сеньорлар санатында Мария Деген алтын медаль жеңіп алды.
Осылайша Қазақстан құрамасы халықаралық турнирде жоғары нәтиже көрсетіп, жас спортшылардың әлеуеті зор екенін дәлелдеді.



