ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Паралимпиада-2026: Қазақстан құрамасының тізімі жарияланды

6–15 наурыз аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XIV қысқы Паралимпия ойындары өтеді.

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын байрақты бәсекеде 79 медаль жиынтығы сарапқа салынып, әлемнің 600-ден астам спортшысы қатысады. Бағдарламаға пара сноуборд, пара хоккей, тау шаңғысы, арбадағы керлинг, пара биатлон және пара шаңғы жарысы енгізілген.

Қазақстан құрамасы бұл жолы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон бойынша бақ сынайды. Ұлттық құрама сапына Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Анна Грачёва, Нұрлан Әлімұлы және Денис Кобаль енді.

Қазір қазақстандық спортшылар Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Айта кетейік, XIV қысқы Паралимпия ойындарының ашылу салтанаты 6 наурыз күні Веронадағы Олимпиадалық аренада өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button