ТЕННИСТРЕНДТЕ

Анна Данилина Доха турнирінің чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Анна Данилина Қатар астанасы Дохада өткен Qatar Open (теннис) WTA 1000 санатындағы турнирде жұптық сында чемпион атанды.

Ол сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың төртінші ракеткасы ретінде тіркелген болатын. Финалда қазақстандық-сербиялық дуэт латвиялық Елена Остапенко мен тайбэйлік Се Шувэй жұбымен бас жүлдені сарапқа салды.

Алғашқы партияда қарсыластар 6:0 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте Данилина – Крунич тай-брейкте 7:6 (7:3) есебімен таразы басын теңестірді. Шешуші супер тай-брейкте олар 10:8 есебімен жеңісті жұлып алды.

1 сағат 35 минутқа созылған кездесуде қазақстандық-сербиялық жұп 1 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды. Ал қарсыластары 6 брейк жасағанымен, шешуші сәттерде басымдықты сақтай алмады.

Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 4,08 млн АҚШ долларын құрады. Жеңімпаздар 195 мың доллар сыйақы және 1000 рейтингілік ұпай еншіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button