Шорт-трек: Денис Никиша 2026 жылғы Қысқы Олимпиаданың 1/4 финалына өте алмады

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары аясында шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Денис Никиша іріктеу кезеңінен өте алмады.
Қазақстандық спортшы өз мансабындағы төртінші Олимпиадасын 1000 метр қашықтықтағы жарыстан бастады. Ол іріктеу жарысында үшінші болып мәреге жетті.
Ереже бойынша келесі кезеңге тікелей өту үшін бірінші немесе екінші орын алу қажет болатын. Сонымен қатар өз жарысында үшінші орын алған спортшылардың арасынан ең үздік уақыт көрсеткен төрт шорт-трекшіге де жолдама берілді. Денис Никиша барлық іріктеу жарыстары аяқталғанға дейін ширек финалға шығу мүмкіндігін сақтағанымен, қорытынды есепте 1/4 финалға өте алмады.
Айта кетейік, Денис Никишаның негізгі қашықтығы — 500 метр.
Сурет: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі



