
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов октагонға не себепті уақытша шықпайтынын түсіндірді.
Спортшы Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі жазбасында жарақатына байланысты екінші рет ота жасатқанын және соған байланысты UFC-дегі жекпе-жегінің тағы да кейінге шегерілгенін мәлімдеді.
— Жауынгердің жолы ешқашан жеңіл болмайды. Өмір бізге еңсере алмайтын сынақтарды бермейді. Әр арманның өз құны бар, кейде ол денсаулықпен өлшенеді. Бүгін жарақатыма байланысты тағы бір операция жасатуға тура келді. Толық қалпына келу үшін уақыт қажет. Сондықтан октагонға оралуым кейінге қалдырылды, — деп жазды Шавкат Рахмонов.
Ол бұл жаңалықтың өзі үшін оңай болмағанын да жасырмады.
— Мұны қабылдау қиын. Дегенмен әрбір шегініс үлкен жоспардың бір бөлігі екеніне сенемін. Мен октагонға бұрынғыдан да мықты, ақылды әрі ашулы болып ораламын. Мақсат өзгерген жоқ — UFC чемпиондық белбеуін Қазақстанға әкелу. Қандай жағдай болмасын, мені қолдаған барша жанға алғыс айтамын, — деді қазақстандық файтер.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Шавкат Рахмоновтың толық қалпына келуіне кемінде 9 ай қажет.



