КҮРЕСТРЕНДТЕ

ҚР ҰОК пен күрес федерациясы жаңа олимпиадалық кезеңге арналған бірлескен жоспарларды талқылады

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин еліміздегі грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Еркін Оқасовпен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында Геннадий Головкин Қазақстан күрес федерациясына ҚР ҰОК-тің мойындау сертификатын табыстады. Тараптар жаңа олимпиадалық цикл аясындағы өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі талқылады.

Атап айтқанда, Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымымен қарым-қатынасты дамыту, Қазақстан аумағында халықаралық деңгейдегі турнирлер өткізу мүмкіндіктері, сондай-ақ отандық күрестің әлемдік аренадағы беделін арттыруға бағытталған бірлескен бастамалар назарға алынды.

Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиадалық комитет пен федерация арасындағы үйлесімді жұмыстың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, күрес түрлері Қазақстанда ең көп бұқараны қамтитын әрі тарихи маңызы зор спорт салаларының бірі болып саналады. Бұл фактор елдің халықаралық спорт кеңістігіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Еркін Оқасов ҰОК-пен тығыз ынтымақтастықтың алдағы кезеңде ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Әсіресе, жазғы Азия ойындары мен 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық барысында бірлескен жұмыстың маңызы жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар ол отандық күресті кеңінен насихаттауға және спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында серіктестік байланыстарды кеңейту, ұйымдастыру үдерістерін жетілдіру және Қазақстанның халықаралық спорттық жарыстарға қатысу аясын ұлғайту мәселелері де талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты жалғастырып, жаңа олимпиадалық циклде ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін өзара ықпалдастықты тереңдетуге ниетті екенін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button