Президент Олимпиада және Паралимпиада құрамаларының ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды табыстады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада және Паралимпиада құрамаларының ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыс етті.
Мемлекет басшысы Италияда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы әлемдік спорттағы айрықша маңызды оқиға деп атап өтті. Президенттің айтуынша, Олимпиадаға Қазақстаннан 40-қа жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 10 түрінен ел намысын қорғайды. Ұлттық құраманың жартысынан астамы Олимпиадаға алғаш рет аттанғалы отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылардың Олимпиада жолдамасына жету үшін үлкен іріктеу кезеңдерінен өткенін атап өтті. Қазақстандық атлеттер түрлі халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға да зор сенім артылатынын жеткізді. Қазіргі таңда Италияда өтетін Қысқы Паралимпиадаға 10 лицензия алынған, ал олардың саны әлі де артуы мүмкін.
Президент спорттағы жеңісті алдын ала болжау қиын екенін айтса да, ұлттық құраманың әлеуеті мен жеңіске деген жігеріне сенім білдірді. Ол Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қысқы Олимпиада ойындарында бірқатар тарихи жетістіктерге жеткенін еске салды. Ел спортының тарихында Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сынды Олимпиада жүлдегерлерінің есімдері ерекше орын алатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы спорттағы табыстар елдің халықаралық беделін арттырып, қоғамдағы бірлікті нығайтатынын айтты.
Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының Мемлекеттік туын шорт-текші Денис Никиша мен фристайл-могулшы Аяулым Әмренова алып шығады. Ал Қысқы Паралимпиада ойындарында ел Туын параспортшы Ербол Хамитов көтереді.



