
Халықаралық World Boxing федерациясының президенті Геннадий Головкин 152 ұлттық федерацияға жолдау жасап, ұйымды жаңғыртуға бағытталған нақты жоспарларымен бөлісті.
Головкиннің айтуынша, ұсынылған бастамалардың барлығы айқын мақсаттарға негізделген. Атап айтқанда, ұйымға деген сенімді нығайту, бокстың негізгі құндылықтарын қорғау және олимпиадалық қозғалыс пен халықаралық спорт қауымдастығының талаптарына толық сай келетін заманауи, орнықты әрі кәсіби халықаралық федерация құру көзделіп отыр.
Президент ұсынған басымдықтар ауқымды бағыттарды қамтиды. Олардың қатарында жедел институционалдық қайта құрылымдау, спортшыларды федерация қызметінің орталығына қою, 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиадаға дейінгі World Boxing-тің стратегиялық жол картасын жариялау, жарыстардың адалдығы мен төрешілік сапасына бақылауды күшейту, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, олимпиадалық күнтізбемен үйлесім, коммерциялық дамуды ұлғайту, сондай-ақ мүшелік құрамды кеңейту және ұлттық федерациялармен байланыстарды нығайту бар.
Бұл бастамалар ұлттық федерациялармен ашық диалог жүргізу қағидатымен және ұйым президентінің туындайтын мәселелерді тікелей шешуге дайын екенімен бекітілген.
Жедел қайта құрылымдау аясында World Boxing өз қызметін Швейцарияның Лозанна қаласындағы кеңседе шоғырландырып, ашықтыққа, есеп беруге және тиімді шешім қабылдауға негізделген басқару моделін енгізеді.
Алдағы 12 ай ішінде федерация 2026–2032 жылдарға арналған стратегиялық жол картасын ұсынбақ. Бұл құжатта спортшылардың орталық рөлін күшейту, 2028 жылы Лос-Анджелесте және 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиада ойындарына нақты жол айқындау, ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ нормативтік базаны жаңғырту шаралары қамтылады.
Сонымен бірге спорт менеджерлері, спортшылар, ресми тұлғалар, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған әлемдік бокстың жаһандық онлайн-академиясын іске қосу жоспарланған. Головкин үшін басты міндеттердің бірі — жарыстардың әділдігі мен тазалығын қамтамасыз ету.
2026 жылға дейін төрешілік жүйесін дамыту, рефери мен төрешілердің білім деңгейі мен кәсіби стандарттарын арттыру, барлық жарыстарда рәсімдерді біріздендіру бағытында нақты ілгерілеу күтіледі. Бұл үдерістерде төрешіліктің объективтілігін арттыру үшін жасанды интеллект элементтері бар жаңа технологиялар енгізіледі.
Президенттің хатында жарыстардың адалдығы, нәтижелерге деген сенім мен әділдік кез келген спорт түрінің негізі екені атап өтілген. Осы мақсатта басқару, аналитика және жарыс процестерінде заманауи цифрлық құралдар мен ЖИ негізіндегі шешімдер енгізіліп, тиімділік, ашықтық пен сенім деңгейін арттыру көзделіп отыр.
Коммерциялық бағытта боксқа әлемдік деңгейде мойындалған спорт түрі ретіндегі мәртебесін күшейту, жарыстардың тартымдылығы мен құндылығын арттыру, ұзақ мерзімді серіктестіктер құру жоспарланған. Ал ұлттық федерациялармен қарым-қатынас деректерді басқаруды жетілдіру және жаңа цифрлық коммуникациялық платформаларды әзірлеу арқылы нығайтылмақ.
Барлық осы басымдықтар спортшылардың мүддесін федерация қызметінің өзегіне қоюға және жаңа президенттің ұлттық федерациялармен тығыз әріптестік орнатуға деген жеке міндеттемесіне негізделген.



