
Астанада теннистен Дэвис кубогының екінші әлемдік тобы аясында Қазақстан мен Таиланд құрамалары арасындағы кездесу басталды. Алғашқы ойын күнінде қазақстандық теннисшілер екі матчта да жеңіске жетті.
Бірінші болып кортқа шыққан Александр Шевченко Максимус Джонсты үш сетте жеңді. Қазақстандық теннисші алғашқы партияны 6:4 есебімен ұтып, екіншісінде 1:6 нәтижесімен есе жіберді. Шешуші сетте Шевченко 7:5 есебімен басым түсті.
Екінші жекелей кездесуде Тимофей Скатов Касидит Самрейге қарсы ойнады. Ол бірінші партияны 6:4 есебімен аяқтап, екінші сетте тай-брейкте жеңіске жетті – 7:6 (7:4).
Осылайша, бірінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Таиландтан жалпы есепте 2:0 есебімен алда келеді.
19 қыркүйекте командалар алдымен жұптық кездесуде сынға түседі. Одан кейін тағы екі жекелей матч жоспарланған.



