
Қазақстандық теннисші, 21 жастағы Аружан Сағындықова Ахмедабад қаласында (Үндістан) өткен ITF W15 санатындағы турнирде жұптық сында чемпион атанды.
Финалдық кездесуде Аружан Сағындықова ресейлік Мария Головинамен бірге жарыстың бірінші нөмірлі жұбы — жапониялық Мана Кавамура мен Хонока Кобаясимен чемпиондық атақ үшін таласты.
Шешуші матчта қазақстандық-ресейлік дуэт ойын тізгінін өз қолында ұстады. Алғашқы сет 6:3 есебімен аяқталса, екінші партияда да Сағындықова мен Головина басымдық танытып, 6:2 нәтижесін тіркеді.
Осылайша, Аружан Сағындықова 2026 жылғы маусымдағы алғашқы титулын жеңіп алып, халықаралық деңгейдегі кезекті жетістігіне қол жеткізді.



