Қысқы Олимпиадаға Қазақстаннан шамамен 35 спортшы қатысады

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында 2026 жылы Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшыларының дайындығы туралы баяндады.
XXV Қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға 93 елден шамамен 3 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олимпиада бағдарламасында барлығы 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Министрдің айтуынша, Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 10 түрі бойынша 58 медаль жиынтығында бақ сынайды. Атап айтқанда, отандастарымыз биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика дисциплиналарында өнер көрсетеді.
Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтсе, жабылу салтанатын 22 ақпанда Верона қаласында өткізу жоспарланған. Олимпиада ойындары конькимен жүгіру мен шаңғы жарыстары арқылы басталып, соңғы күндері тау шаңғысы жарыстарымен түйінделеді.
— Болжамға сәйкес, ұлттық құраманың түпкілікті құрамында шамамен 35 спортшы болады. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан 34 спортшы қатысқан еді. Қазіргі таңда мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров жеке есепте екі ресми Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Сонымен қатар, ұлттық құрама шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензияға ие болды, — деді Ербол Мырзабосынов.
Қалған спорт түрлері бойынша іріктеу кезеңдері әлі жалғасып жатыр. Олимпиадаға қатысатын спортшылардың нақты тізімі халықаралық жарыстар нәтижелері мен рейтингтерге сәйкес 2026 жылдың қаңтар айының соңында толық бекітіледі.



