«Ешқандай көзбояушылық болмасын» — Премьер-министр қысқы Олимпиадаға дайындық туралы

Үкімет отырысында Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындық барысы талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл жарыстың елдің халықаралық имиджін нығайтудағы маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мәселесін тұрақты түрде басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп келеді. Осыған байланысты Қазақстанда спорт саласын дамытуға арналған кешенді шаралар қабылданып, спортшылардың сапалы даярлануына қажетті жағдайлар жасалуда.
— 2023–2025 жылдар аралығында осы мақсаттарға бюджеттен 360 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, — деді Премьер-министр Үкіметтің отырысында.
Ол қысқы спорт түрлерін дамыту үшін елде қажетті инфрақұрылым мен қолайлы климаттық жағдайлар бар екенін атап өтті. Бұл бағытта салалық спорт федерацияларының рөлі ерекше. Дәл осы деңгейде ұлттық құрамалар, жаттықтырушылар құрамы мен спорттық резерв қалыптасып, әр спорт түрін дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы айқындалады.
— 2024 жылы Канвондо өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарындағы нәтижелер спорт резервін даярлаудың нақты жемісі екенін көрсетті. Ендігі міндет — бұл табысты Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында нығайтып, арттыра түсу, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол спортшылардың ішкі тәртібі, табандылығы, алғырлығы мен командалық рухы жеңіске жетелейтініне сенім білдірді. Премьер-министр Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің қайсар мінезі мен жеке үлгісі спортшылардың жігерін арттырып, оларды жеңіске ынталандыратынын атап өтті.
— Еліміз спортшыларымызды мақтан тұтады және оларға үлкен сенім артады, — деді ол.
Премьер-министр Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалғанын айтып, дайындық шаралары толық көлемде аяқталуы тиіс екенін қадап айтты. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың жан-жақты дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.
— Түпкілікті құрамды бекіту, логистика, қажетті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін жедел түрде шешу қажет. Ешқандай көзбояушылық болмасын, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы ұлттық құрамаларға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.
Үкімет басшысы бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ерекше назар аудару керектігін де атап өтті.
— Келешегі бар спортшыларға көрсетілетін қолдау нақты әрі ашық болуы тиіс. Бұл үшін министрліктер, федерациялар және ведомстволық ұйымдардың басшылары тікелей жауап береді, — деді ол.
Сондай-ақ кәсіпқой спортты дамыту үшін бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту қажеттігі айтылды. Туризм және спорт министрлігіне Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық команданың қысқы Паралимпиада ойындарына дайындығын күшейту тапсырылды.
Премьер-министрдің айтуынша, паралимпиада спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысуы тек спорттық нәтиже ғана емес, сонымен қатар өршіл рухты, төзімділікті қалыптастыруға және инклюзивті қоғам құндылықтарын нығайтуға маңызды үлес қосады.



