2026 жылғы қысқы Олимпиадаға арналған ұлттық құраманың спорттық киімі таныстырылды

Туризм және спорт министрлігінде 2026 жылғы ақпанда Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ХХV қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының спорттық киім жиынтығы ресми түрде таныстырылды.
Жабдықтың техникалық талаптарын келісу, дизайн нұсқаларын бекіту және дайын өнімнің сапасын бақылау үшін арнайы жұмыс комиссиясы құрылған. Оның құрамына Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, ведомстволық ұйымдардың өкілдерімен қатар белгілі отандық спортшылар да енген.
Комиссия ұлттық құраманың спорттық киім эскизін бекітті. Қазіргі таңда бұл дизайн Халықаралық Олимпиада комитетінде келісу рәсімінен өтіп жатыр.
Ұсынылған спорттық киім жиынтығы 22 атаудан тұрады. Оның қатарына Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарына арналған салтанатты форма, жарыстар кезінде киілетін жылы сырт киімдер, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары мен күнделікті пайдалануға арналған жаттығу және күнделікті киім үлгілері енгізілген.
Айта кету керек, ұлттық құраманың спорттық киімі демеушілер қаражаты есебінен сатып алынған.
Туризм және спорт министрлігі ХХV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын бекітілген жоспарға сәйкес жалғастырып жатыр.



