ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Қазақстан Милан-2026 қысқы Олимпиадасына тағы 12 лицензия жеңіп алды

Конькимен жүгіруден өткен Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына тағы 12 лицензия иеленді. Бұл кезеңдер 14 қараша мен 14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өтті. Ақпаратты Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі таратты.

Лицензиялардың нақты қай спортшыларға тиесілі болатыны ұлттық құраманың бас бапкері шешімінен кейін белгілі болады. Алдын ала болжам бойынша, Милан-2026 Олимпиадасында конькимен жүгіруден Қазақстан атынан бес спортшы өнер көрсетуі мүмкін.

Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, екі жолдама жеңіп алған. Сонымен қатар шорт-тректен Қазақстан құрамасы тоғыз лицензия иеленді. Бапкерлер штабының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан бақ сынайды.

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде қысқы спорттың үш түрі бойынша 23 олимпиадалық лицензия бар. Олимпиадаға арналған нақты лицензия саны 2026 жылғы қаңтар айының соңында түпкілікті анықталады.

XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысады.

Конькимен жүгіруден алынған лицензиялар:

Ерлер:
– 500 метр – 1 лицензия

Әйелдер:
– 500 метр – 2 лицензия
– 1000 метр – 2 лицензия
– 1500 метр – 2 лицензия
– 3000 метр – 2 лицензия
– 5000 метр – 1 лицензия
– масс-старт – 1 лицензия
– командалық жарыс – 1 лицензия

Басқа жаңалықтар

Back to top button