
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Қазақстандық ойыншылардың көрсеткіштерінде бірқатар өзгеріс байқалды.
Александр Бублик ATP тізімінде 11-орында қалды. Александр Шевченко 96-дан 95-орынға көтерілді. Дмитрий Попко бір сатыға жоғарылап, 223-орынға орналасты. Тимофей Скатов 239-орында тұр. Бейбіт Жұқаев 279-дан 280-орынға төмендеді, ал Михаил Кукушкин 294-тен 299-орынға сырғыды.
Өткен апта қазақстандық теннисшілер үшін нәтижелі болды. Исламабадтағы челленджер турнирінде жартылай финалға шыққан Денис Евсеев рейтингте 33 орынға өсіп, 404-тен 371-орынға көтерілді.
Тунисте өткен жарыста жартылай финалға дейін жеткен 18 жастағы Әмір Омарханов айтарлықтай серпіліс жасап, бірден 241 орынға жоғарылады. Ол 1100-орыннан 859-орынға көтерілді.
Григорий Ломакин де өз позициясын жақсартты: 975-орыннан 961-орынға көтерілді. Қазақстандық жас теннисші Заңғар Нұрланұлы 1742-орында тұр.
Әйелдер рейтингінде Елена Рыбакина WTA тізімінде үздік бестікті сақтап тұр. Юлия Путинцева 72-орында қалды. Аустралия ашық чемпионатына жолдама алған Зарина Дияс 283-тен 284-орынға, Жібек Құламбаева 331-ден 334-орынға түсті.



