
Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жасөспірімдер арасындағы ITF Juniors J60 санатындағы халықаралық турнир аяқталды. Жарыста 17 жастағы қазақстандық Иван Пономарев жұптық сында сәтті өнер көрсетті.
Отандасымыз өзбекстандық әріптесі Ахмаджон Тошмухамедовпен бірге финалға дейін жетті. Ақтық сында олар ресейлік Никита Бердин мен Даниил Ткаченко жұбына қарсы ойнады. Тартысты өткен кездесудің тағдыры супер тай-брейкте шешіліп, 2:6, 6:1, 8:10 есебімен қарсыластар басым түсті.
Финалда есе жібергенімен, Иван Пономарев үшін биылғы маусым табысты болды. Ол жыл басынан бері ITF Juniors жарыстарында екі рет чемпион атанып, жұптық сында тағы екі мәрте финалда ойнады.



