ТРЕНДТЕХОККЕЙ

Талғат Жайлауов Қазақстан хоккей құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Қазақстан ұлттық хоккей құрамасын Талғат Жайлауов басқаратын болды. Бұл туралы Қазақстан хоккей федерациясы ресми түрде хабарлады.

Ұлттық команда қазір 20-23 қараша аралығында Қытайда өтетін Азия чемпионатына дайындық жүргізіп жатыр.

Бапкерлік штабқа «Номад» клубының бас бапкері Константин Пушкарёв, «Торпедо» командасының жаттықтырушысы Андрей Корабейников және «Номад» клубының қақпашылар жаттықтырушысы Александр Кудрявцев енді.

Талғат Жайлауов қазіргі таңда «Барыс» клубының жаттықтырушылар құрамында қызмет етеді. Бұған дейін ол бұл міндетті 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қазанына дейін атқарған. Сонымен қатар 2024 жылғы олимпиадалық іріктеу турнирінде, 2025 жылғы Азия чемпионатында және 2025 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болды.

Ойыншы ретіндегі мансабы да ерекше. Жайлауов жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалар сапында өнер көрсетіп, ересектер командасында 2006 жылы дебют жасаған. Ол 9 әлем чемпионатына, үш олимпиадалық іріктеу кезеңіне, сондай-ақ 2007 және 2011 жылдардағы Азия ойындарына қатысқан.

IIHF аясында жалпы 59 ресми матч өткізген. Клубтық мансабы «Қазцинк-Торпедо», «Барыс», «Номад» және соңында 2020 жылы «Сарыарқа» сапында аяқталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button