Қазақстандық екі ауыр атлет Дохадағы Олимпиадаға іріктеу турнирінде бақ сынайды

Қазақстандық ауыр атлеттер Алексей Чуркин мен Любовь Ковальчук Қатар астанасы Дохада өтетін халықаралық іріктеу турниріне қатысуды жоспарлап отыр.
7–16 желтоқсан аралығында ұйымдастырылатын жарыс 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жариялаған алдын ала тізімге сәйкес, Қазақстан атынан екі спортшы тіркелген.
Алексей Чуркин ерлер арасындағы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ал Любовь Ковальчук әйелдер арасындағы 86 келіден жоғары салмақта сынға түседі.
Дохадағы турнир спортшылар үшін маңызды жарыстардың бірі болмақ. Өйткені мұнда көрсетілген нәтижелер Олимпиадаға іріктеу рейтингінде есепке алынып, 2028 жылғы Ойындарға жолдама алу мүмкіндігіне әсер етеді.
Айта кетейік, IWF жариялаған қатысушылар тізімі әзірге түпкілікті бекітілмеген. Сондықтан турнир басталғанға дейін Қазақстан құрамасының құрамына өзгерістер енгізілуі мүмкін.



