
Қазақстанның әйелдер құрамасы Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен регби-7-ден Азия сериясының кезекті кезеңінде төртінші орынға ие болды.
Қазақстандық регбишілер топтық кезеңдегі алғашқы кездесуінде Қытай құрамасына 7:31 есебімен есе жіберді. Одан кейін Шри-Ланканы 32:5, Өзбекстанды 36:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Ширек финалда Қазақстан құрамасы Таиландпен кездесті. Тартысты өткен ойында отандастарымыз 10:5 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты.
Алайда финал жолдамасы үшін өткен кездесуде қазақстандық регбишілер Жапония құрамасына 5:42 есебімен жеңілді.
Үшінші орын үшін өткен матчта Қазақстан Гонконг құрамасымен кездесті. Қарсылас команда 14:5 есебімен жеңіске жетіп, қола медаль иеленді. Осылайша Қазақстан құрамасы турнирді төртінші орынмен аяқтады.
Азия сериясының бұл кезеңінде Жапония құрамасы чемпион атанды. Финалда жапониялық регбишілер Қытайды 14:7 есебімен жеңді.



