
Қазақстандық балуан Шұғыла Өмірбек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Әйелдер күресінен 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз үшінші орын үшін өткен белдесуде украиналық Снежана Онуфриевамен кездесті.
Тартысты өткен белдесуде Шұғыла Өмірбек қарсыласын 11:10 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола медаліне қол жеткізді.
Бұл Қазақстан әйелдер құрамасының Лас-Вегастағы U23 әлем чемпионатында жеңіп алған алғашқы медалі болды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның грек-рим күресі құрамасы аталған әлем чемпионатын бес медальмен аяқтаған еді. Оның екеуі алтын, біреуі күміс және екеуі қола.



