
«Қайырлы күн!
Мен Қазақстанның футбол қауымдастығына, жанкүйерлерімізге және ұлттық құрама үшін алаңдап жүрген барша қауымға үндеу жасағым келеді.
Ең алдымен, сіздерге алғыс білдіремін. Қазақстан футболына жанашырлық танытып, ең қиын сәттердің өзінде ұлттық құрама мен ойыншыларымызды қолдағандарыңыз үшін рақмет. Біз бұл қолдауды көріп, сезіп отырмыз және оны қатты бағалаймыз. Федерация атынан құрамаға деген адалдықтарыңыз, шынайы эмоцияларыңыз бен сенімдеріңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін.
Соңғы ойындағы нәтиже біз үшін мүлдем сын көтермейді. Біз мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдамаймыз және Қазақстан ұлттық құрамасы мұндай төмен нәтиже көрсетпеуі тиіс деп санаймыз. Жанкүйерлердің ренішін толықтай түсінеміз және онымен келісеміз.
Федерация ретінде біз отандық футболдың дамуына және құрамаға қатысты қабылданатын шешімдерге тікелей жауаптымыз. Сондықтан бүгін ақталып немесе жауапкершілікті жекелеген адамдарға арта салғым келмейді.
Дегенмен, біз кәсіби тұрғыда әрі бірізділікпен әрекет етуіміз керек.
Алдымызда осы іріктеу кезеңінің тағы екі матчы бар: сырт алаңда Молдовамен және Астанада Словакиямен ойнаймыз. Қазіргі басты міндетіміз – осы кезеңді мейлінше абыроймен аяқтау. Біз бұл ойындарды өткізіп, жағдайға адал баға беріп, содан кейін ғана жүйелі шешімдер қабылдауымыз қажет.
Іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін біз бапкерлер штабымен және Федерация басшылығымен бірлесе отырып, ұлттық құраманың жұмысына толық талдау жасаймыз. Команданың дайындығы, кадрлық шешімдер, жаттығу процесі, бапкерлер штабының жұмысы мен нәтижелері – барлығын егжей-тегжейлі қарайтын боламыз.
Бірақ бұл талдау мұнымен шектелмейді. Біз U-15, U-16, U-17, U-19 және U-21 құрамаларынан бастап, бас командаға дейінгі ұлттық құрамаларды дайындаудың бүкіл жүйесін қарап шығуға тиіспіз. Техникалық орталықтың, Ұлттық құрамалар департаментінің және ойыншыларды дамыту жүйесінің жұмысына нақты баға беруіміз керек.
Біз үшін қазір не болып жатқанын ғана емес, бұл жағдайға қалай тап болғанымызды түсіну өте маңызды.
Бұл өте ауқымды әрі кешенді талдау болмақ. Оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданады. Алға даму үшін ең түбегейлі әрі қатаң шешімдерге де баруға дайынбыз.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – Еуропа чемпионатына шығу. Ал кезекті іріктеу кезеңіне дайындықты дәл қазірден бастауымыз керек.
Жанкүйерлердің сенімі құр сөзбен емес, нақты нәтижемен ақталатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан бүгін құрғақ уәде бергім келмейді.
Бір ғана нәрсені айтқым келеді: біз мәселені көріп отырмыз, оған көз жұма қарамаймыз және оны шешу жолында тынымсыз жұмыс істейміз.
Қазақстан футболы алға қарай дамуы тиіс. Ұлттық құрама мен жалпы отандық футболдың болашағы мықты әрі тұрақты болуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау – біздің басты міндетіміз.
Ұлттық құраманы қолдап жүрген баршаңызға рақмет!»



