Софья Самоделкина Денис Тен мемориалында үздік үштікке енді

Алматыда өтіп жатқан мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мемориалында әйелдер арасындағы қысқа бағдарлама аяқталды. Қазақстандық Софья Самоделкина үшінші нәтиже көрсетті.
Самоделкина өз өнері үшін төрешілерден 69,45 ұпай алып, еркін бағдарлама қарсаңында үздік үштікке орналасты.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен ресейлік Александра Игнатова 77,39 ұпаймен көш бастады. Екінші орынға Оңтүстік Корея спортшысы Юджае Ким (75,99 ұпай) тұрақтады.
Қазақстанның өзге мәнерлеп сырғанаушылары да қысқа бағдарламада өнер көрсетті. Нұрия Сүлеймен 44,88 ұпаймен 13-орын, Алика Халимова 44,68 ұпаймен 14-орын алды. Амира Ирматова 42,03 ұпаймен 16-орынға, Зере Сарбалдина 41,92 ұпаймен 17-орынға, ал Амина Алексеева 32,68 ұпаймен 19-орынға тұрақтады.
Әйелдер арасындағы еркін бағдарлама 9 қазанда өтеді. Жүлдегерлер екі бағдарламаның жиынтық ұпайы бойынша анықталады.



