ТРЕНДТЕҰЛТТЫҚ СПОРТ

Қазақстандық сәйгүліктер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрт бәйгеде топ жарды

Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ат жарысының бірнеше түрінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қазақстандық сәйгүліктер төрт жарыста бірінші орын иеленді.

2400 метрлік жазық бәйгеде қазақстандық Зерек мәре сызығын бірінші кесіп, 1 миллион сом көлеміндегі жүлдеге ие болды. Қырғызстандық Бакара екінші келсе, Қазақстанның Козмик Дон сәйгүлігі үшінші орын алды.

3200 метрлік жарыста қазақстандық сәйгүліктер алғашқы үш орынды түгел иеленді. Берил Рэйсер жеңімпаз атанса, Эл Орда екінші, Желдыкара үшінші болып мәреге жетті.

Қазақстан өкілдері аламан бәйгеде де үздік нәтиже көрсетті. 25 шақырымдық жарыста алғашқы төрт орынды қазақстандық сәйгүліктер иеленді. Айман бірінші келіп, 1,5 миллион сом жүлде алды. Көксерек екінші, Карагаш үшінші, Сармат төртінші орынға ие болды.

12 шақырымдық құнан бәйгеде Нұршашу жеңіске жетті. Екінші орынды Қырғызстанның Париж сәйгүлігі алса, қазақстандық Бестау үшінші, Принц Коннект төртінші болып мәреге жетті.

6000 метрлік бышты жорго жарысында Қазақстан атынан қатысқан Банзай төртінші орын алды. Ал 11 шақырымдық жорго салышта жүлделі орындарға Қазақстан өкілдері енген жоқ.

1600 метрлік жазық бәйгеде Тәжікстанның Хутулун сәйгүлігі бірінші келді. Қырғызстандық Метеор екінші, Айсулуу үшінші, Байтору төртінші орын алды.

Осылайша, Қазақстан өкілдері 2400 және 3200 метрлік жазық бәйгеде, 25 шақырымдық аламан бәйгеде және 12 шақырымдық құнан бәйгеде жеңіске жетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button