Қазақстандық спортшылар эр эништен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екі алтын жеңіп алды

Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында эр эништен алғашқы жүлделер сарапқа салынды.
2 қыркүйекте «Көк-Бөрү» аренасында 60, 70 және 80 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі бәсекелер өтті. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Румыния және Венгриядан барлығы 19 спортшы қатысты.
Қазақстан құрамасы үш салмақ дәрежесінде де жүлдеге қол жеткізді.
60 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Керім Нұрталап қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Екінші орынды қырғызстандық Адахан Байышев алса, моңғолиялық Авилгажи Жәнібек пен ресейлік Тан Курманакаев қола жүлдегер атанды.
70 келіге дейінгі салмақта Қазақстан өкілі Сайлау Мұхаммед бірінші орын алды. Қырғызстандық Ақыл Сағынбеков күміс жүлдеге ие болды. Ресейлік Исмай Амангелдиев пен моңғолиялық Мейлис Наурызбек үшінші орыннан көрінді.
80 келіге дейінгі салмақта қырғызстандық Райхан У Бакныс жеңімпаз атанды. Қазақстандық Расул Құрайыш күміс медаль жеңіп алды. Өзбекстандық Нодир Жунадиллаев пен моңғолиялық Еркінбек Өміртай қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнін екі алтын және бір күміс медальмен қорытындылады.
Бірінші орын иегерлеріне 100 мың сом, күміс жүлдегерлерге 80 мың сом, ал үшінші орын алған спортшыларға 60 мың сом көлемінде сыйақы беріледі.



