
Польшаның Вежбна қаласында ат спортынан Wierzbna Bialy Las халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстан құрамасының өкілдері жарысты үш жүлдемен қорытындылады.
Турнирдің соңғы күнінде қазақстандық шабандоздар CSI3* санатындағы, кедергі биіктігі 120 сантиметр болатын конкурда үздік нәтиже көрсетті.
Раиса Соколенко Chevalier атымен жарыс жолын айып ұпайынсыз өтіп, бірінші орынға ие болды. Осы бәсекеде Олег Соколенко Shenanigan атымен екінші орын алды.
Үздік үштікті V-Querida of Vigo Z атымен өнер көрсеткен польшалық Малгожата Кошуцка түйіндеді.
Раиса Соколенко турнир барысында екінші медалін де жеңіп алды. Ол Chevalier атымен CSI1* санатындағы 120 сантиметрлік кедергілер бәсекесінде күміс жүлдеге ие болды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Польшадағы халықаралық турнирді бір алтын және екі күміс медальмен аяқтады.



