
Қазақстанның 19 жасқа дейінгі әйелдер бокс құрамасы қазан айында өтетін әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазіргі таңда қазақстандық боксшылар Польшада өтіп жатқан XXI халықаралық Silesian Open турниріне қатысуда. Гливице қаласындағы жарыс 25–29 тамыз аралығында өтеді. Оған 18 елден 200-ге жуық спортшы жиналған.
Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Жангелді Ахметовтің айтуынша, қыркүйек айында Алматы облысының Жаңашар ауылында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Ал қазан айында команда Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында дайындықты жалғастырады.
Жастар арасындағы әлем чемпионаты 14–28 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында өтеді.
Айта кетейік, Қазақстанның U19 әйелдер құрамасы биыл Джакартада өткен Азия чемпионатында 3 алтын және 3 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болған.



