
Жапонияда 2026 жылғы XX жазғы Азия ойындарының алау эстафетасы ресми түрде басталды.
Нагоя қамалында өткен салтанатты рәсімде Токио, Хиросима және Нагоядан жеткізілген үш алау біріктіріліп, Ойындардың ортақ алауы жағылды. Осыдан кейін алау Аичи префектурасы бойынша эстафеталық сапарын бастады.
Үш алаудың бірігуі Жапонияда өткен Азия ойындарының тарихын бейнелейді. Бірінші алау 18 тамызда Токиода, екіншісі 20 тамызда Хиросимада жағылды. Үшінші алау 22 тамызда Нагояда жағылып, кейін үшеуі бір алауға біріктірілді.
Эстафета 18 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде алау Аичи префектурасындағы 40 муниципалитет пен Нагоя қаласының 16 ауданын аралап өтеді. Оған мыңға жуық адам қатысады.
Эстафетаны төрт дүркін Азия чемпионы, үш дүркін Олимпиада чемпионы Саори Ёсида бастады. Алдағы кезеңдерде Олимпиада чемпионы Наоко Такахаси, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың төрт дүркін жүлдегері Юма Кагияма және Жапония спортының басқа да танымал өкілдері алауды алып жүреді.
Эстафета барысында мектеп оқушыларына да ерекше көңіл бөлінеді. 7–15 қыркүйек аралығында алау Аичи префектурасындағы 14 оқу орнына жеткізіліп, мектеп өкілдері мен жастар эстафетаға қатысады.
Азия ойындарының алауы Аичи өңірінің ерекшеліктерін де бейнелейді. Оның дизайнында Жапонияның өндіріс пен шеберлікке негізделген «монодзукури» дәстүрі көрініс тапқан. Алаудың техникалық құрылымдары әдейі ашық қалдырылып, өңірдің өнеркәсіптік болмысын көрсетуге басымдық берілген.
Сонымен қатар алау сабының пішіні сегіз қырлы болып жасалған. Ол жапон мәдениетіндегі 八 иероглифінен шабыт алып, даму, өркендеу және мүмкіндіктердің кеңеюін білдіреді.
Алау эстафетасы 18 қыркүйекте аяқталады. Ал 19 қыркүйекте Нагоядағы Мидзухо саябағы стадионында өтетін Азия ойындарының ашылу салтанатында алау негізгі нышандардың біріне айналады.
Аичи-Нагоя-2026 XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Бағдарламаға 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізілген.



