
Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен U20 әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы бір жүлдеге қол жеткізді.
Еркін күрестен 61 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Бекасыл Асамбек күміс медаль иеленді.
Финалда қазақстандық балуан АҚШ өкілі Аарон Джеймс Сейделмен белдесті. Шешуші кездесуде америкалық спортшы жеңіске жетіп, алтын жүлдеге ие болды.
86 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан өнер көрсеткен Асхаб Хаджиев қола медаль үшін белдесуде Жапония өкілі Нацура Окадзавадан жеңіліп қалды.
Осылайша, еркін күрестен Қазақстан құрамасының қоржынында бір күміс медаль бар.



