Бакуде қазақ күресінен XII әлем чемпионаты өтеді

22–23 тамызда Әзірбайжан астанасы Бакуде қазақ күресінен ересектер арасындағы XII әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Жарыс Baku Sports Palace спорт кешенінде өтеді.
Әлем чемпионатына 30-ға жуық елден 300-ден астам спортшы қатысады. Ерлер мен әйелдер арасында барлығы 16 салмақ дәрежесінде жүлдегерлер анықталады.
Ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдеседі. Әйелдер арасында 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және 77 келіден жоғары салмақтар бойынша жеңімпаздар анықталады.
Қазақстан құрамасы сапына ел чемпионаттарында және республикалық әрі халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған үздік балуандар енді. Отандастарымыз әлем чемпионатында жүлделі орындар үшін күреседі.
Жарысты Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Әзірбайжан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы United World Wrestling талаптарына сәйкес бірлесіп ұйымдастырады.
Қазақ күресі бүгінде Қазақстаннан бөлек 40-тан астам елде дамып келеді. Осы уақытқа дейін ұлттық күрестен 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты және 2 Африка чемпионаты өткізілген.
Бакудегі әлем чемпионаты қазақ күресінің халықаралық деңгейдегі дамуын жалғастырып, ұлттық спорттың танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.



