Қазақстан құрамасынан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 155 спортшы қатысады

Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына толық жасақталды. Ұлттық құрама сапына 155 спортшы, 49 жаттықтырушы және жарысқа қатысуды қамтамасыз ететін өзге де мамандар енді.
Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен көшпенділер ойындарына дайындық мәселелері талқыланған кеңес өтті. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар оқу-жаттығу жиындарының соңғы кезеңінен өтіп жатыр.
Команданы дайындау жұмыстары Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының үйлестіруімен өңірлік спорт басқармалары және ұлттық спорт федерацияларымен бірлесіп жүргізілуде. Делегацияның барлық мүшесі бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз етілді.
Дайындық барысында көкпар жарыстарын өткізуге ерекше назар аударылды. Аттарды тасымалдау, орналастыру, күтіп-бағу және ветеринариялық сүйемелдеу мәселелері алдын ала пысықталды.
Жиын соңында Ербол Мырзабосынов ұлттық құрама мүшелеріне сәттілік тілеп, Қырғызстанда өтетін дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғауға шақырды. Министр қазақстандық спортшылар медальдар есебінде үздіктер қатарынан көрінеді деген сенім білдірді.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 29 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді. Жарыс бағдарламасына спорттың 43 түрі енгізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады.



