БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Азия ойындары – 2026: тарих, мәдениет және спорт тоғысқан медаль таныстырылды

Жапонияда өтетін Аичи–Нагоя 2026 XX жазғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын ресми медальдардың дизайнын таныстырды.

Медаль тұжырымдамасы «Imagine One Asia» («Біртұтас Азияны елестет») ұранына негізделген. Авторлардың идеясы бойынша, бір кездері тұтас кеңістік болған Азия құрлығы уақыт өте келе түрлі тілдер мен мәдениеттер қалыптасқан көптеген өңірге бөлінді. Ал спорт бұл халықтарды қайта біріктіретін ортақ құндылық ретінде көрініс табады.

Медаль дизайнының авторы – жапониялық дизайнер әрі креативті директор Дайсукэ Сиба. Оның жұмысы арнайы ұйымдастырылған байқауда үздік деп танылды. Байқауға дизайн факультеттерінің студенттерімен қатар, кәсіби дизайнерлер де қатысқан.

Дизайнды әзірлеу барысында автор керамикалық дискілерді бірнеше мәрте сындырып, олардың табиғи пішіндерін зерттеген. Нәтижесінде бүгінгі медальдің ерекше әрі үйлесімді бейнесі қалыптасты.

Дайсукэ Сибаның айтуынша, бұл тәсіл спортшылардың чемпиондық жолын бейнелейді. Көптеген қиындық пен сынақтан өткен еңбектің жемісі ақыр соңында жеңіс медаліне айналады.

Жеңімпаздарға берілетін медальдар әртүрлі материалдан жасалады. Алтын медаль таза күмістен дайындалып, кемінде 1 грамм алтынмен қапталады. Оның салмағы шамамен 265 грамм. Күміс медаль таза күмістен жасалып, салмағы шамамен 264 граммды құрайды. Ал қола медаль 95 пайыз мыс пен 5 пайыз мырыштан дайындалған қызыл жезден құйылып, шамамен 222 грамм тартады.

Ұйымдастырушылар экологиялық тұрақтылық қағидатына да ерекше мән берген. Медальдарды жасауға қажетті металдардың бір бөлігі Aichi-Nagoya 2026 Recycled Medal Project жобасы аясында жиналған пайдаланылған шағын электронды құрылғылардан қайта өңделіп алынған.

Медаль таспасының дизайнында какицубата (жапон құртқашашы) гүлінің бейнесі қолданылған. Бұл гүл Аичи префектурасының ресми символдарының бірі саналады. Ал таспадағы иілген сызықтар өңірдің мәдени мұрасы мен спортшылардың жігерлі рухын бейнелейді.

Медаль қаптамасы да ерекше жасалған. Оның сыртқы және ішкі пішіні сегіз қырлы болып келеді. Безендіруде қолданылған «八» («сегіз») иероглифі тарихи тұрғыдан Овари Токугава әулетінің және қазіргі Нагоя қаласының эмблемаларында кездеседі. Бұл белгі болашаққа ұмтылу, даму және өркендеу идеясын білдіреді.

Қаптама Аичи өңірінде өсірілетін хиноки жапон кипарисінен дайындалған. Мұндай таңдау өңірдегі ежелгі шай рәсімдері дәстүрімен үндеседі, өйткені бағалы шай жабдықтары да дәл осындай ағаш жәшіктерде сақталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2026 жылғы Азия ойындарының медалі спортты тарихпен, мәдениетпен, табиғатпен және экологиялық жауапкершілік қағидаттарымен үйлестіретін ерекше символға айналады. Оның пішіні, материалы, таспасы мен ағаш қаптамасына дейінгі әрбір бөлшек спортшыларды, ұйымдастырушы өңірді және біртұтас Азия идеясын байланыстыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button