
Қазақстанның ерлер құрамасы Гонконгта өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, командалық шпага бәсекесінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық семсерлесушілер алғашқы кездесуде Финляндия құрамасын 45:39 есебімен жеңді. Ал 1/8 финалда Өзбекстанмен өткен тартысты матчта 28:27 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
Енді Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходовтан құралған Қазақстан құрамасы жартылай финал жолдамасы үшін Дания құрамасымен кездеседі.
Сонымен қатар, 29 шілдеде әйелдер арасында командалық сабля сайыстары да өтті. Қазақстан құрамасы сапындағы Әйгерім Сарыбай, Анастасия Гулик және Қайша Жәнібек алғашқы кездесуінде Украина құрамасына 33:45 есебімен жол беріп, жарысты аяқтады.



