
Қазақстандық балуан Әлинұр Төлеуғали Әзірбайжанның Баку қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық грек-рим күресінің шебері қола жүлде үшін өткен белдесуде Иран өкілі Эсмаил Захердоустты жеңіп, жүлдегерлер қатарына қосылды.
Осылайша Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен U17 әлем чемпионатын бір алтын, бір күміс және бір қола медальмен аяқтады. Бұған дейін 55 келіге дейінгі салмақта Дияр Аманәлі әлем чемпионы атанса, 48 келіге дейінгі салмақта Әли Алмас күміс жүлдеге ие болған еді.
Жас балуандардың бұл нәтижесі Қазақстанның грек-рим күресіндегі жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, әлемдік додадағы табысты өнерін қорытындылады.



