БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Лос-Анджелес Олимпиадасының билеттері қалай сатылады?

2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарының басталуына екі жылға жуық уақыт қалды. Соған қарамастан, жанкүйерлер қазірдің өзінде Olympic Hospitality бағдарламасы арқылы жарысқа арналған арнайы пакеттерге тапсырыс бере алады. Ал ресми билет сатылымы 2027 жылы басталады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, билеттердің сатылымға шығу күні, сатып алу тәртібі және жарыс сессалары туралы толық ақпарат Олимпиадаға арналған ресми платформаларда жарияланады. Сондай-ақ AXS, Eventim, Ticketmaster және Sports Illustrated Tickets негізінде ресми қайта сату қызметі іске қосылып, пайдаланылмаған билеттерді қауіпсіз сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

Olympic Hospitality пакеттеріне жарыс билетімен бірге бірқатар қосымша қызметтер кіреді. Олардың қатарында көрінісі ыңғайлы орындар, эксклюзивті лаундждар мен жеке ложаларға кіру, мейрамхана қызметі, сусындар, ойын-сауық бағдарламалары және қажет болған жағдайда қонақүйге орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.

Ұйымдастыру комитеті билет бағасының басым бөлігін қолжетімді деңгейде ұстайтынын мәлімдеді. Ең арзан билеттердің құны 28 АҚШ долларынан басталады. Билеттердің шамамен жартысы 200 доллардан төмен, ал 75 пайыздан астамы 400 доллардан аспайтын бағамен сатылмақ. Ашылу және жабылу салтанаттарына арналған премиум билеттердің бағасы жоғары болады.

Билеттерді сатып алуға қатысты бірқатар талаптар да енгізілген. Бір адам ең көп дегенде 12 билет рәсімдей алады, оның ішінде ашылу және жабылу салтанаттарына төрт билеттен артық сатып алуға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар билет платформаларында тек 18 жасқа толған пайдаланушылар тіркеле алады. Әрбір көрермен, соның ішінде кішкентай балалар да, жарысқа жеке билетпен кіруі тиіс.

Айта кетейік, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 14–30 шілде аралығында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button