
Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен рейтингтік турнир басталды. Жарыстың алғашқы күнінде еркін күрестен алты салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы алты медаль еншіледі.
61 келіге дейінгі салмақта Асыл Айтақын финалда Түркия өкілі Толга Озбекті жеңіп, алтын медаль иеленді. Осы салмақта тағы бір қазақстандық балуан Әділет Әлмұхамедов қола жүлдеге қол жеткізді.
74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов финалға дейін жеткенімен, шешуші белдесуде Қытай спортшысы Фэн Луға есе жіберіп, күміс медальға ие болды.
Қола жүлделерді Нұрданат Айтанов, Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін) және Начын Куулар (65 келіге дейін) жеңіп алды.
Бүгін, 16 шілдеде, рейтингтік турнирде еркін күрестен 79, 92, 97 және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі балуандар бозкілемге шығады. Сонымен қатар жарысқа әйелдер күресінің өкілдері де қосылады.



