ТРЕНДТЕФУТБОЛ

«Астана» мен «Елімай» Конференция лигасындағы жарыс жолын аяқтады

Қазақстанның «Астана» және «Елімай» клубтары УЕФА Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен аса алмады.

«Астана» өз алаңында Албанияның «Динамо Сити» командасын қабылдап, 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Алғашқы кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жеткен елордалық клуб қарымта матчта басымдықты сақтай алмады.

Есепті 23-минутта пенальтиден Бауыржан Исламхан ашқанымен, екінші таймның басында Кажуколовас қызыл қағаз алып, команда сан жағынан кем қалды. Осыдан кейін қонақтар төрт гол соғып, екі матч қорытындысы бойынша 4:2 есебімен келесі кезеңге өтті.

Семейде өткен матчта «Елімай» Арменияның «Алашкертімен» негізгі және қосымша уақытта 2:2 есебімен тең түсті. Алғашқы кездесу де 1:1 нәтижесімен аяқталғандықтан, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.

Ойынның төртінші минутында Туре есеп ашса, 11-минутта Бахтияров таразы басын теңестірді. Қосымша уақытта Илич пенальтиден «Елімайды» алға шығарғанымен, 120+1-минутта Игорь Габриэл өз қақпасына гол соғып, матч 2:2 есебімен аяқталды.

11 метрлік айып соққылары сериясында армениялық клуб 6:5 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды. Осылайша, «Елімай» да еурокубоктағы өнерін аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button