
Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионаты жалғасуда. 15 шілдеде өткен күндізгі сессияда U19 санатындағы қыздар арасында финалдық жекпе-жектер өтіп, қазақстандық үш боксшы чемпион атанды.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Камила Оспанова финалда өзбекстандық Мафтуна Янгиеваны жеңіп, Азия чемпионы атанды.
80 келіге дейінгі салмақта Айдана Убайдуллақызы шешуші кездесуде Үндістан өкілі Мегха Шеокандтан басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Ал 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай финалда үндістандық Прачи Токасты жеңіп, Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені салды.
Осылайша, U19 жас санатындағы Қазақстан құрамасының еншісінде үш алтын және бес қола медаль бар. Бұған дейін Мадира Жұмақан (48 келіге дейін), Едіге Нұрғожа (55 келіге дейін), Ақнұр Тұрсынғали (57 келіге дейін), Айсұлу Мұхит (65 келіге дейін) және Жалғас Утебеков (90 келіге дейін) қола жүлдеге ие болған еді.
Азия чемпионаты 15 шілдедегі кешкі сессияда U23 жас санатындағы әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектермен жалғасады. Ал 16 шілдеде ерлер арасындағы чемпиондар анықталады.



