
2026 жылғы маусым Қазақстан ұлттық құрамалары үшін қарбалас кезең болды. FIFA халықаралық матчтар терезесі аясында ұлттық, жастар, жасөспірімдер және әйелдер құрамалары оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, ресми және жолдастық кездесулерде бақ сынады.
Осы аралықта Қазақстан құрамалары жалпы 12 халықаралық матч өткізіп, бес жеңіске жетті, үш рет тең ойнап, төрт кездесуде жеңіліс тапты. Жалпы доп айырмасы – 21:18.
Халықаралық үзілістегі басты жетістіктің бірі – Қазақстанның U-19 жасөспірімдер құрамасының 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі нәтижесі болды. Команда Португалиямен 1:1 есебімен тең ойнап, Сербияны 3:1 есебімен жеңді. Грекиядан 2:4 есебімен жеңілгеніне қарамастан, қазақстандықтар УЕФА-ның А лигасындағы орнын сақтап қалды.
Қазақстан әйелдер құрамасы да сәтті өнер көрсетті. УЕФА Ұлттар лигасы аясында Армениямен өткен матчта 1:1 есебімен тең түсіп, дивизионды жоғарылату үшін плей-офф кезеңіне жолдама алды. Қазан айында команда Ирландия құрамасына қарсы ойнайды.
Жасөспірімдер құрамалары да жоғары нәтиже көрсетті. U-17 құрамасы Әзербайжанды екі матчта да жеңіп, қарсылас қақпасына алты гол соқты. Ал U-16 құрамасы Қырғызстанды екі рет ұтып, екінші кездесуде 5:0 есебімен ірі жеңіске жетті.
Қазақстанның ұлттық құрамасы алдағы ресми кездесулерге дайындық барысында Армениямен 1:1 есебімен тең ойнап, Мажарстаннан 1:3 есебімен жеңілді. Ал U-21 жастар құрамасы Беларуське қарсы екі сырт алаңдағы матч өткізді.
Осы кезеңде Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық құрамалар департаменті алты оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырып, командалардың халықаралық сапарларын, медициналық қамтамасыз етілуін және клубтармен өзара жұмысты үйлестірді. Сонымен қатар ұлттық құрамаларды даярлаудың бірыңғай жүйесін дамыту, цифрлық басқару құралдарын енгізу және талдау жұмыстарын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасты.
ҚФФ мәліметінше, халықаралық терезеге жоспарланған барлық іс-шара толық көлемде орындалды. Енді ұлттық құрамалар күзгі халықаралық матчтарға дайындық жұмыстарын жалғастырады.



