ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан құрамасы eFootball Mobile бойынша Еуропа чемпионатына жолдама алды

Қазақстанның eFootball Mobile бойынша ұлттық құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, FIFAe Continental Championship Europe – Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.

FIFAe eNations League халықаралық турнирінде қазақстандық киберфутболшылар Еуропаның ең үздік сегіз құрамасының қатарына енді. Турнир барысында ұлттық құрама Португалия, Хорватия, Грекия, Босния және Герцеговина, Литва және Швейцария құрамаларын жеңіп, жоғары деңгейдегі ойын көрсетті.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 5–6 қыркүйекте Португалияда өтеді. Турнирде жүлделі орындармен қатар әлем чемпионатына берілетін екі жолдама сарапқа салынады.

Бұл нәтиже Қазақстанда киберфутболды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі болды. Биыл қаңтар айында Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың бастамасымен елде киберфутболды дамыту бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында EA Sports компаниясымен келісім жасалып, Қазақстан тарихындағы алғашқы eKPL турнирі ұйымдастырылды.

Бағдарламаның алғашқы нәтижелері халықаралық аренада да көріне бастады. Қазақстандағы тұңғыш eKPL турнирінің жеңімпазы, қарағандылық «Шахтер» клубының өкілі Данияр DAN1K Шарабадин Манчестерде өткен eChampions League турнирінде сәтті өнер көрсетіп, қазақстандық клуб атынан осы беделді жарысқа қатысқан алғашқы ойыншы атанды. Ол Еуропаның ең үздік 30 киберфутболшысының қатарына енді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button