
Қазақстандық клубтар еурокубок маусымын сәтті бастап, УЕФА коэффициенттер рейтингіндегі ел қоржынына маңызды ұпайлар қосты.
Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» өз алаңында Черногорияның «Сутьескасын» 2:1 есебімен жеңіп, Қазақстанға 1 ұпай әкелді. УЕФА Конференция лигасында «Астана» сырт алаңда Албанияның «Динамо Ситиден» 1:0 есебімен басым түсіп, ел қоржынына тағы 1 ұпай қосты.
Ал Конференция лигасындағы тағы бір өкіл – «Елімай» Арменияның «Алашкертімен» сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнап, Қазақстанға 0,5 ұпай сыйлады.
Осылайша, Қазақстанның биылғы еурокубок маусымындағы коэффициенттік көрсеткіші әзірге 0,625 ұпайды құрап отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстан УЕФА ұлттық қауымдастықтарының коэффициенттер рейтингінде 36-орында келеді. Еурокубоктардың бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесулер келесі аптада өтеді.



