
Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Атқарушы комитеті Франция Альпілерінде өтетін 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасын ресми түрде бекітті. Жаңартылған бағдарламаға бірнеше жаңа спорттық бағыт енгізіліп, бірқатар өзгерістер жасалды.
Олимпиада бағдарламасына алғаш рет шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд, сондай-ақ синхронды мәнерлеп сырғанау енгізілді. Сонымен қатар ХОК үш жаңа спорттық бағыт пен 16 жаңа жүлде жиынтығын қосуды мақұлдады.
Жаңа жарыстар қатарында биатлоннан аралас жекелей эстафета, конькимен жүгіруден ерлер мен әйелдер арасындағы командалық спринт, фристайлдағы аралас командалық ски-кросс, сноубордтағы параллельді аралас командалық жарыс және шаңғымен тұғырдан секіруден әйелдер арасындағы командалық сайыс бар. Бұған қоса, ски-альпинизм бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей жарыстар, спринт және аралас эстафета өтеді. Сондай-ақ сноубордтағы параллель слалом-гигант Олимпиада бағдарламасында сақталады.
Ал шаңғы қоссайысы 2030 жылғы Олимпиада бағдарламасына енгізілмеді. ХОК мұндай шешімді спорт түрінің танымалдығы, көрермен қызығушылығы, медиадағы қамтылуы және әлемдегі таралу деңгейін саралау нәтижесінде қабылдағанын мәлімдеді.
2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындары тарихтағы гендерлік теңдік толық қамтамасыз етілетін алғашқы қысқы Олимпиада болмақ. Жарысқа барлығы 3046 спортшы қатысады. Оның ішінде 1525 әйел және 1521 ер адам бақ сынайды. Жалпы 126 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 56-сы әйелдерге, 55-і ерлерге және 15-і аралас командаларға арналған.
ХОК мәліметінше, шаңғы қоссайысы 2028 жылғы қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының бағдарламасында сақталады және 2034 жылы Солт-Лейк-Ситиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта ену мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар Атқарушы комитет Олимпиада нысандарының жаңартылған бас жоспарын да бекітті. Оның аясында ски-альпинизм жарыстары Монженеврде өтеді. Бұл шешім қолданыстағы спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, Олимпиада мұрасын сақтауға бағытталған.



