
Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні шаршы алаңға U23 санатындағы спортшылар шықты.
Қазақстан құрамасы сапынан 6 шілдеде екі боксшы өнер көрсетіп, екеуі де ширек финалға жолдама алды.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Асылхан Көшербай 1/8 финалда Бутан өкілі Дечен Дорджимен кездесіп, барлық үш раундтың қорытындысы бойынша 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта Нұрасыл Төлебек тәжікстандық Дамир Мубалихоновпен қолғап түйістірді. Қазақстандық былғары қолғап шебері төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен басым түсіп, жарыстың келесі кезеңіне өтті.
Айта кетейік, Джакартадағы жастар арасындағы Азия чемпионаты 16 шілдеге дейін жалғасады.



