
Щучье қаласында тас жолдағы велоспорттан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Ел біріншілігінде спортшылар жекелей, топтық және командалық эстафета бағдарламаларында бақ сынады.
Жекелей жарыста (элита, ерлер, 30,8 шақырым) Евгений Федоров чемпион атанды. Николя Винокуров екінші, Антон Кузьмин үшінші орынға ие болды.
Әйелдер арасындағы 25 шақырымдық жекелей жарыста Рината Сұлтанова алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлде Ақпейіл Өсімге бұйырса, Фаина Потапова үздік үштікті түйіндеді.
180 шақырымдық топтық жарыста Николя Винокуров мәреге бірінші болып жетті. Евгений Федоров күміс, Антон Кузьмин қола медаль иеленді.
Әйелдер арасындағы 140 шақырымдық топтық жарыста Рината Сұлтанова чемпион атанды. Елизавета Склярова екінші, Виолетта Казакова үшінші орынға тұрақтады.
Элита және U23 санаттары бойынша өткен 42,5 шақырымдық командалық эстафетада Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы жеңіске жетті. Астана қаласының командасы екінші орын алса, Жетісу облысының спортшылары қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатының нәтижелері ұлттық құраманы жасақтау кезінде ескерілетін болады.



