
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен Airbnb спортшыларға арналған Airbnb Athlete Travel Grant бағдарламасына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады. Бағдарлама аясында спортшылар оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарға сапар кезінде тұру шығындарын өтеу үшін 2000 АҚШ доллары көлеміндегі грантқа үміткер бола алады.
Жоба бойынша әлемнің түрлі елдерінен 1000 спортшыға қаржылай қолдау көрсетіледі. Берілетін грантты алған күннен бастап 12 ай ішінде Airbnb платформасы арқылы тұрғын үйді брондау үшін пайдалануға мүмкіндік беріледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – спортшылардың дайындық және жарыс кезеңіндегі қаржылық жүктемесін азайту.
Грантқа 2028 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына, сондай-ақ 2030 жылғы Француз Альпілерінде өтетін қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген спорт түрлерімен айналысатын, ХОК немесе Халықаралық Паралимпиада комитеті мойындаған халықаралық федерациялар ұйымдастыратын жарыстарға қатысатын спортшылар өтініш бере алады.
Үміткерлер допингке қарсы ережелерді, Олимпиада хартиясын немесе спорттық адалдық қағидаларын бұзғаны үшін шеттетілмеген болуы тиіс. Сонымен қатар қатысушының Airbnb платформасында талаптарға сәйкес тіркелген аккаунты болуы қажет. Бағдарламаға тек 18 жасқа толған пайдаланушылар қатыса алады.
Өтінім беру үшін спортшылар Athlete365 платформасында жеке басын растау рәсімінен өтіп, арнайы сауалнаманы толтыруы қажет. Өтініште соңғы үш жарыстағы нәтижелерін, алдағы жарыс күнтізбесін және гранттың дайындық процесіне қалай көмектесетінін көрсету талап етіледі.
Грант иелері конкурстық іріктеу нәтижесінде анықталады. Бағалау кезінде спорттық жетістіктер, алдағы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі, қаржылық қолдауға қажеттілік, сондай-ақ гранттың спортшының дайындық деңгейіне ықпалы ескеріледі.
Айта кетейік, бағдарламаға өтінім қабылдау 2026 жылғы 7 шілдеге дейін АҚШ-тың Тынық мұхиты жағалауы уақытымен сағат 23:59-ға дейін Athlete365 платформасы арқылы жалғасады.



