
Қытайдың Цзуньи қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.
Командалық көпсайыс қорытындысы бойынша қазақстандық гимнаст қыздар 144.462 ұпай жинап, құрлық біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Қазақстан құрамасы сапында Ева Тациева, Илана Раздыкова, Ульяна Пухова, Екатерина Лебедь және Саида Қасымжанова өнер көрсетті.
Чемпиондық атақ 163.563 ұпаймен Қытай құрамасына бұйырса, Жапония құрамасы 157.329 ұпаймен екінші орынға ие болды.
Сонымен қатар қазақстандық спортшылар жекелеген жаттығулардың финалдық кезеңіне де жолдама алды. Еркін жаттығуларда Ева Тациева мен Ульяна Пухова бақ сынайды. Тіреп секіру бағдарламасында Ева Тациева мен Екатерина Лебедь медаль үшін таласады. Әртүрлі биіктіктегі сырықтағы жаттығулар финалында Саида Қасымжанова мен Илана Раздыкова өнер көрсетсе, тепе-теңдік бөренесіндегі финалда Екатерина Лебедь жүлде үшін күреседі.


